Биыл облыстағы 39 білім беру ұйымында 1 531 бейнебақылау камерасы жаңартылып, турникет орнатылады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Тұржанова айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, аталған жұмыстар оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтың алдын-алуға бағытталған.
- Полиция департаментінің жедел басқару орталығына 500-ге жуық білім ордасынан барлығы 486 бейнебақылау қосылды. Барлық білім беру ұйымында дабыл түймелері орнатылды. Мектепке дейінгі және білім беру ұйымдарының терроризмге қарсы қорғалуын нығайтуда «Дабыл түймесі» алгоритммен жұмыс істеп жатыр. Турникеттер 153 білім беру ұйымында орнатылған. 246 мемлекеттік және 70 жеке меншік білім беру ұйымында күзет мекемелерімен келісімшарт жасақталған. Биыл Бейнеу ауданының 24 мектебіне турникет орналастыру жоспарланды, - деді Айжақсы Тұржанова.
Сондай-ақ облыстағы 145 білім беру ұйымына құқықтық сауатты арттыруда прокурорлар бекітіліп, «Прокурор тәрбиесі» пилоттық жобасы, «QR - профилактика» жобасы іске асты. Білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік мәселесін қамтамасыз етуде іс-шаралар жоспары жасақталып, тоқсан сайын «Қауіпсіз білім беру ұйымы» онкүндігі ұйымдастырылып жүр.