Маңғыстау облысынан сайланған Сенат депутаты Бекбол Орынбасаров құрылыс жұмыстарын толық аяқтамай созбаққа салатын компанияларға қатысты қылмыстық жауапкершілік енгізу мәселесін көтерді. Сонын салдарынан тұрғынүйлерге мерзімінен бұрын қоныстанып, артынан талап қоятын тұрғындардың мәселесі ушығып кететін жайттардың жиі кездесетінін алға тартты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Сенаттың жалпы отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне “сақалды” құрылыстар жайын айтқан депутат құрылыс салушылардың салғырттығынан қарапайым халық зардап шегіп отырғанын атады.
Осындай жағдайлардан кейін қоғамда әлеуметтік қақтығыстар жиі орын алатынын да жеткізді.
«Жергілікті атқарушы органдармен және мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасымен тұрақты негізде құрылыс нысандарына сырттай мониторинг шаралары жүргізіліп тұрады. Осындай шалалардың нәтижесінде Ақтау қаласында құрылыс жұмыстары толық аяқталмаған және нысанды пайдалануға қабылдаған актісі жоқ тұрғынүй кешендеріне тұрғындардың үйге орналасу деректері анықталды. Бұл мәселе еліміздің басқа да өңірлерінде орын алуда. Мәселен, Астана және Алматы қалаларында кездеседі. Мұндай жағдайда кәсіпкерлік субъектілеріне әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген. Алайда кейбір кәсіпкерлік субъектілері құзырлы орындар тарапынан салынған айыппұлдарды елемейді. Нәтижесінде құрылысы аяқталмаған тұрғынүйге қоныстанған азаматтар жергілікті атқарушы органдарға келіп, инженерлік желілелердің тоқ, су, газ қосуын талап етеді. Талаптар орындалмаған жағдайда шеру ұйымдастыруға шығатынын да айтып жатады. Бұл мәселелер әлеуметтік шиеленіске әкелу қаупін туғызады. Осыған орай уәкілетті орган тарапынан мұндай жағдайлар қайталанбас үшін нақты шаралар қабылданып жатыр?”, - деді Бекбол Орынбасаров Сенат отырысында.
Депутат сауалына жауап берген Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмас Ыдырысов аталған жағдайға қатысты кемшіліктердің жиі орын алатындығын айтып, мәселенің түп-төркіні тұрғындарға келіп тірелетінін тілге тиек етті.
“Мұндай кемшіліктер жиі орын алуда. Бірінші кезекте мұның барлығы тұрғындардың өзіне байланысты болып отыр. Тұрғындардың өздері сол үйлерге қоныстануға ниетті. Тиесілі пәтерді тезірек алып, онда жөндеу жұмыстарын жіргізеді. Бұған қатысты ӘҚБтК-нің 323-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Осы бап бойынша өткен жылы бұзушылықтың 228 дерегі анықталып, тиісті тұлғалар жауапкершілікке тартылды. Алайда, бұл шара жеткіліксіз болып отыр. Сондықтан бақылау мен жауапкершілікті күшейту қажет. Бұл жағдайда біз айыппұл санкцияларын қатаңдату және ұлғайту мәселесін пысықтайтын боламыз. "Қылмыстық жауаптылықты көздеу" бөлігінде-мәселе мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп қосымша пысықтауды талап етеді”, деді вице-министр.