Елімізде кеңестік кезеңде совет армиясы атанып, Германия, Польша, Куба, Монголия сынды көптеген алыс шет елдерде әскери міндетін атқарған азаматтар аз емес. Олардың мүддесін қорғайтын "Германиядағы кеңес әскерінің тобы мен Варшава Келісім шарты тобы" Ардагерлері" республикалық қоғамдық бірлестігі деген ұйым бар. Осы бірлестіктің Жаңаөзен қалалық филиалы өткен жылы құрылып, 2022 жылдың шілде айында ресми тіркеуден өткен болатын.
Маңғыстау облысы бойынша 200-ден астам ардагері бар. Олардың алды қазір 80-90 жасқа келген болса, ең жасы — елуді еңсеріп қалғандар. Кеше Жаңаөзен қаласында осы бірлестіктің мүшелері бас қосты.
Шараға бірлестік төрағасы Абдулла Күмісбаев бастаған жүзге тарта қаруластар, запастағы опицерлер мен ардагерлер және Жаңаөзен қалалық 5548 әскери бөлімі басшысының орынбасары п/п Руслан Бөлегенов және құрметті қонақтар қатысты.
ҚР Әнұранымен басталған әскери шараның патриоттық, тәрбиелік мәні зор болды.
— Біз кеңестік кезеңде әр елде жүріп әскери қызмет атқардық. Қашан, қай елде қызмет атқарсақ та, қазақтың атын шығардық.
Бұл — тарих, біздің өміріміздің бір бөлшегі, жастық шағымыздың естелігі. Оны өзгерте алмаймыз.
Қазір біздің Тәуелсіз еліміз бар, артымызда өскелең ұрпақ өсіп келеді, шүкір. Қазақстанның қарулы күші жеке қалыптасты. Сол күш қуатты болсын дейміз. Қазақтың Ұланы, сарбаздары біздей патриот болсын, мықты болсын дейміз.
Себебі, біз армияға баруға асықтық, қазіргі жастар Отан қорғауға құлықсыз. Әрбір ер азамат Отанын қорғауы керек. Әскер болу — әрбір еркекке абыройлы міндет:
- дейді ардагерлер.
Әскери бөлімдерге барып, түрлі патриоттық шараларға қатысып, қазақ жастарына ақыл-кеңес беріп, әскери өмірге бейімделуге атсалысып жүрген ардагерлер жиында әскери бөлім атынан марапатталды.
Ал, Моңғолияда әскери міндетін өтеп, офицер болған қазіргі ардагер, Қарақия ауданының Құрметті азаматы Қойшыбай Нұрғараев, жаңадан құрылып, алғаш рет бас қосып отырған қаруластарын мерекесімен құттықтай келе, "бұдан былай бұл мерекені 23 ақпанда емес, 7 мамырда атап өтсек" деген ұсыныс білдірді. Айта кетейік, бұл бірлестікте тек, Монголияда әскери міндетін атқарған 14 ардагер бар екен. Көбісі Германия, Польша сияқты еуропа елдерінде әскерде болғандар.
Жиынға қатысқан әр ардагер өздерінің әскери міндетін атқарған елдердің айрықша белгісі бар "Қаруластар" медалімен марапатталып, ерекше естеліктерімен бөлісті.
Шынар Кендін