Маңғыстау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті «ӨзенМұнайГаз» АҚ-ның басшы құрамының жекелеген лауазымды тұлғаларына қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 189, 361 және 365 баптары бойынша қылмыстық істерді тергеу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, «ӨМГ» АҚ-ның бас директорының орынбасары Бауыржан Мәмбетсапаевқа қатысты лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр. Экономикалық тергеу департаментінің мәліметіне сүйенсек Бауыржан Мәмбетсапаев «ӨМГ» АҚ-на өзінің жақын таныстарын заңсыз жұмысқа орналастырып, өз кезегінде соңғылары өздерінің жұмыстық міндеттерін орындамай, жалақыларын негізсіз алып, нәтижесінде мекемеге аса ірі мөлшерде шығын келтірген. Оның және басқа тұлғалардың заңсыз іс-әрекеттері тәркіленген құжаттармен, куәлардың жауаптарымен, басқа да дәлелдермен расталады.
Қазіргі уақытта, жалған жұмысқа орналасу фактілерінің анықталуына қатысты, осы қылмыстық ісі бойынша тергеу амалдары аяқталды. Сараптама қорытындылары алынғаннан кейін, күдікті тұлғалардың іс-әрекеттеріне түпкілікті құқықтық баға берілмек.
Одан бөлек, Департамент «ӨМГ» АҚ бас директорының бұрынғы орынбасары Е.Қарамурзаевқа қатысты, заңды кәсіпкерлік қызметпен айналысуға кедергі жасау фактісі бойынша тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, ол ұңғымаларды жерасты жөндеу бойынша заңсыз тендер өткізу жолымен, жекелеген компаниялардың мүддесін қолдап, тендерге өзге қатысушылардың мүдделеріне нұқсан келтірген. Соттың санкциясымен істің күдіктілеріне «ұстау», сондай ақ, «үй қамақ» түріндегі бұлтартпау шаралары қолданылды. Департамент алдағы уақытта тергеу нәтижелері туралы қосымша хабарлайды.