Жаңаөзен қаласы әкімдігінің қолдауымен және «Zangar Event» қорының ұйымдастыруымен алғаш рет кітап оқудан марафон өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бір айға созылған бұл сайысқа Жаңаөзен қаласынан және оған іргелес ауылдық елді-мекендерден 300-ден астам адам қатысты. Қатысушылар Қайрат Жолдыбайұлының «Kemel Adam» кітабын оқып, қорытынды кеште кітап бойынша дайындалған тест сұрақтарына жауап берді.
Кітап оқу дәстүрін жаңғырту, жастар арасында кітап оқу мәдениетін дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған бұл шараға қала әкімі Жансейт Қайнарбаев қатысып, қатысушыларды құттықтады.
Құттықтау сөзінде Ғабит Мүсіреповтің «Кітап дегеніміз - алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік»,- деген сөзін дәйектеген қала басшысы барша жастарды кітап оқуға шақырды.
Сайысты қорытындылауға марафонның басты қонағы @kitapalclub клубының негізін қалаушы Данияр Жігітбек қатысып, қатысушыларға кітап оқудың маңыздылығы туралы ерекше сөз етті.
Сайыс қорытындысына сәйкес жеңімпаз қатысушыларға ақшалай сыйлықтар табысталды. Шараның соңы арнайы дайындалған мерекелік бағдарламамен жалғасты.