Бүгін Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиевтің төрағалығымен төтенше жағдайлар комиссиясының отырысы өтті. Жиында көп қабатты тұрғын үйлердің аумағына өрт сөндіру техникасының кіре алмау мәселесі талқыланды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Қанат Есназаровтың айтуынша, төтенше жағдай туындаған кезде, арнайы өрт сөндіру техникасының тұрғын үйдің аумағына өтуіне шлагбаумдар, қақпалар мен қоршаулар кедергі келтіреді.
- Көпқабатты тұрғын үйлердегі өртті өшіруге «АКП-54» арнайы өрт сөндіру техникасы қолданылады. Бұл техниканың жалпы ұзындығы 12,7 метр, ал ені 2,5 метрді құрайды. Өрт кезінде техниканың үстіндегі автосаты мен иінді көтергішті созған кезде, бұл техника тіреуіш аяқтарын ашуы қажет. Тіреуіш аяқтарын ашқан кезде техниканың ені 6,5 метрге дейін созылады. Қаладағы кейбір тұрғын үйлердің аумағында мұндай орын жоқ. Сондықтан өрт сөндіру техникасының тұрғын үй аумағына өтуіне шлагбаумдар, қақпалар мен қоршаулар кедергі келтіреді, - деді Маңғыстау облысы ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Қанат Есназаров.
Сондай-ақ, өрт сөндіру техникасының тұрғын үйдің аумағына кіруіне балаларға арналған ойын алаңдарының үйлерге тым жақын салынуы және түнгі мезгілде тұрғын үйдің маңындағы көліктердің дұрыс орналастырмауы кедергі жасайды. Осы тұста қала әкімі жауаптыларға құрылыс компанияларына тұрғын үй аумағына өрт сөндіру техникасы кіруін қамтамасыз ету бойынша хабарлама беруді тапсырды.
- Сын сағатта тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Сондықтан тұрғын үй аумағына өрт сөндіру көлігі еш кедергісіз кіруі қажет. Осы мәселе бойынша қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы арқылы құрылыс компанияларына тұрғын үй аумағына өрт сөндіру техникасының кедергісіз кіруін қамтамасыз ету бойынша хабарлама жолдаңыздар. Сонымен қатар, төтенше жағдай туындаған кезде барлық өрт сөндіру техникалары дайын болуын қадағалаңыздар, - деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев.