Маңғыстау облысындағы Торыш алқабындағы шартастарды тонаушылар тонап, қиратып жатыр. Бұл туралы сенатор Бекбол Орынбасаров депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz тілшісі.
Депутаттық сауалында сенатор Бекбол Орынбасаров Торыш алқабының туристік әлеуеті зор екенін атап өтті. Оның айтуынша мұндай бірегей табиғи шартастар әлемнің бірнеше елінде ғана бар және шетелдерде осы табиғи байлықты туристік әлеует үшін пайдаланады.
- Өкінішке орай, Торыш алқабындағы шартастар сияқты табиғат сыйына деген немқұрайлықтың арқасында жойылып бара жатыр, тоналып кетеді. Кейбір кафе, мейрамхана иелері, бай азаматтар бұл тастарды өз аулаларына әшекей ретінде пайдаланып жүр, - деді Бекбол Орынбасаров.
Депутаттың айтуынша мұндай ерекше шартастар нормативтік құжаты да, статусы да жоқ. Сондықтан кім көрінген емін-еркін алып кетіп, саттыққа шығарып жүр.