Ақтауда өңір басшысы Нұрлан Ноғаев Кореяның Қазақстан Республикасындағы Елшісі Чжо Тэ Ик бастаған корей делегациясының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуде корей делегациясының өкілдері Маңғыстау облысының инвестициялық және экономикалық әлеуетімен танысты, сондай-ақ Корея тарапынан біздің өңірге инвестицияларды ұлғайту мүмкіндіктері талқыланды.
Маңғыстау облысының Кореямен сыртқы сауда айналымы 2023 жылғы қаңтар-шілдеде 6 миллион долларды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе жоғары. 2022 жылы аталған көрсеткіш 3,5 миллион долларды құраған болатын.
Корея мен Маңғыстау арасындағы тауар айналымының жалпы көлемі негізінен импортқа бағытталған. Олар жеңіл автомобиль, автомобиль бөлшектері және химиялық тыңайтқыштар.
Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев 1992 жылы басталған Қазақстан мен Корея арасындағы дипломатиялық қатынастардың маңыздылығын атап өтіп, ынтымақтастықтың одан әрі дамуына сенім білдірді. Ол сондай - ақ корей делегациясының жұмыс сапары аясында Ақтауда өткен Қазақстан-Пусан-логистикалық форумын өткізудің маңыздылығына тоқталды. Ол кезде өткен форумда екі елдің өкілдерінен жиналған қатысушылар өңірдің транзиттік әлеуетін дамыту сияқты негізгі мәселелерді талқылаған болатын.
- Маңғыстау облысы Еуропа мен Азияны байланыстыратын әлемдік масштабтағы транзиттік және көліктік-логистикалық әлеуетке ие. Пусан портындағы әріптестермен ынтымақтастық біздің аймақта осы саланың одан әрі дамуына ықпал етеді. Біз Кореяны экономикасы мен инфрақұрылымы жақсы дамыған туристік ел ретінде жақсы танимыз, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.
Кездесу соңында өңір басшысы бұл жиын Маңғыстау облысы мен Корея арасындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін беріп қана қоймай, болашақта екіжақты ынтымақтастыққа одан әрі жол ашатынын айтты.