Ақтауда Қазақстан халқы Ассамблеясы «Кәсіпкерлер қауымдастығының» демеушілігімен 15 шағынаудандағы теңіз жағалауына екі кәсіби теннис үстелі орнатылды. Теннис үстелі алғыс айту күніне орай тұрғындарға қолданысқа берілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған жоба «Саламатты қоғам» республикалық акциясының қаладағы алғашқы бастамасы. Шара барысында қала әкімі сөз сөйлеп, теннис үстелі тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына қолайлы жағдай жасау мақсатында орнатылғанын атап өтті.
-Қаламыздың дамуына үлес қосып жүрген жандарға алғыс айтамын. Мемлекет басшысы спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында бұқаралық спортты дамыту керектігін тапсырған. Теңіз жағалауындағы кәсіби теннис үстелі бұқаралық спортты дамыту және қала тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына қолайлы жағдай жасау мақсатында орнатылды. Бұл тек қана бастамасы деп білеміз. Алдағы уақытта да мұндай жобалар жүзеге асады, - деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев.
Биіктігі 76 сантиметр кәсіби теннис үстелі мәрмәрден жасалған. Үстелдің ені - 152 см, ал ұзындығы - 247 см. Қазақстан халқы Ассамблеясы «Кәсіпкерлер қауымдастығының» вице-президенті Джамбулат Тангиев бұл жоба демеушілердің Ақтауға жасаған сыйлығы екендігін жеткізді. Оның айтуынша, қалған екі кәсіби теннис үстелі алдағы уақытта «Достық үйі» маңына қойылады. Теннис үстелі отандық өнімдерден жасалған
Шараға арнайы қатысқан ардагер спортшылар да өз алғысын жеткізді.
- Бұл өте маңызды шара. Спортты дамытуға жасалған үлкен қадам дер едім. Маңғыстаудағы үстел теннисін дамытып келе жатырмыз. Үстел теннисінен 10 жылдың ішінде үлкен жетістіктеріміз бар. Мұнда кез келген адам келіп, үстел теннисін ойнап, жаттыға алады. Осы жобаны орындаған адамдарға алғыс айтамын, - деді ардагер спортшы Мақатай Рамазанұлы.
Шарада 80 жастағы ардагер спортшы Людмила Замига теннистен шеберлік сағатын көрсетіп, жастарды спортпен шұғылдануға шақырды.