Атырау облысында табиғи апат туындауына байланысты Жылыой ауданы Құлсары қаласы халқы эвакуация шаралары аясында Маңғыстау өңірі Бейнеу ауданына көшіріліп жатыр. Олардың басым бөлігі мектептер мен колледждер ғимараттарына орналастырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Бейнеудегі «ҚазАвтоЖол» қоймалары гуманитарлық көмек қабылдау бекеті ретінде белгіленді. Бейнеулік кәсіпкер азаматтар, жергілікті халық игі істен қалыс қалмауда. Үй-жайы су астында қалған соң, баспанасын тастап эвакуациялық орталықтарды паналауға мәжбүр болған атыраулақтарға шама-шарқынша көмек қолын созып жатыр. Көрпе-төсек, жастық-жамылғы, киім-кешек пен азық түлік тауарларын табыстап, тілектестігін білдіруде. Эвакуациялық пункттер жанынан қазан асып, ас-суын әзірлесуге жәрдемдескен жанашыр жұртшылыққа атыраулықтар алғысын жаудырды.