Сайөтес ауылында Толыбай көшесінің 4,2 шақырымды қамтитын жол жиегіне 164 жарық бағанасы орнатылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жарықтандыру жұмысы «Ауыл - ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында орындалды. Жарық шамдары әсіресе таңғы және кешкі мезгілде жаяу жүргіншілер үшін аса маңызды, сондай-ақ мектеп оқушыларының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етеді.
Сайөтесте былтыр бірқатар ауқымды іс атқарылды. Ауылға кіреберіс автокөлік жолының 3,2 шақырымына асфальт жабындысы төселіп, демеушілік қаржы есебінен ашық футбол және воркоут алаңдары орнатылды. Сондай-ақ ауыл көркін асырып, тұрғындар мен ауыл қонақтарына қолайлы болуы үшін жол жиегіне орындықтар қойылып, елді мекеннің екі бағытына 300 түп шамасында ағаш отырғызылды. Ауылдың кіреберісіне «Қош келдіңіз» және «Жолыңыз болсын» тілектері жазылған стелла қойылып, теміржол перронында сауда-саттыққа арналған арнайы орындар дайындалды. Бұдан басқа 2 парк салынып, Боздақ елді мекенінде су тұшыту қондырғысы пайдалануға берілді.
Біраз жылдан бері өзекті мәселе болып келген 200 орындық ауылдық клуб құрылысының басталуы тұрғындар үшін жаңалық болды. Тағы бір жаңалық - көппәтерлі 3 тұрғын үй апаттық жағдайда деп танылып, биыл аталған үйлер тұрғындарына баспана салып беруге қаржы қаралды. Сайөтестегі апатты үйлерден басқа 19 және Боздақ елді мекеніндегі 4 - барлығы 22 көп пәтерлі тұрғын үйдің шатырын ауыстыру, сыртқы келбетін жаңарту сынды ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілмек.