© Архив
Қазақстан айлақтарының теңіз әкімшілігі кемелерге 231 тексеру жүргізген, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Су көлігіндегі бақылау-қадағалау қызметінің қорытындысы бойынша 2023 жылы 944 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 10 млн 336 мың теңге сомасына айыппұл салынды.
Бақылау мен қадағалауды жүргізу тиімділігін арттыру мақсатында автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті 2023 жылға арналған флоттағы апаттың алдын алу жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеген. Бұл жоспар су көлігіндегі қызметтің барлық негізгі бағыттарын қамтиды.
Атап айтқанда, кемелерді тексеру, кеме қатынасы су жолдарын тексеру, заңнама талаптарын бұзушылықтардың алдын алу бойынша сала субъектілерімен профилактикалық жұмыс, қызметтік флотты пайдалану.
Аталған іс-шаралар жоспарын іске асыру үшін Ақтау, Құрық және Баутино теңіз порттарында Комитеттің аумақтық органы — Қазақстан порттарының теңіз әкімшілігі теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында теңіз кемелеріне 231 тексеру жүргізді. Оның ішінде Қазақстан туының астында жүзетін кемелерде 94 тексеру және шет мемлекет туының астында 137 тексеру болды.
Оның нәтижесі бойынша қауіпсіздік талаптарын бұзу фактілерін жою бойынша 19 ұйғарым берілді.
Кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көліктік бақылаудың аумақтық инспекциялары өзен кемелеріне 469 тексеру жүргізді, соның нәтижесінде 47 нұсқама берілді.
Елімізде кеме қатынасы су жолдарының ұзындығы — 2104 шақырым.
2023 жылғы навигацияға көліктік бақылау инспекциялары навигациялық белгілердің бар-жоғын және кеме жүрісінің кепілді тереңдігін тексеру мақсатында 5527 км кеме қатынасы су жолдарын қарады.
Шағын көлемді флоттың қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету үшін комитеттің аумақтық органдары шағын көлемді кемелер бойынша 3933 тексеру жүргізді.