Қаракөлде желтоқсан айынан бері қырылған аққулар саны рекордтық межеге жетті. Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ғаббас Досатовтың айтуынша, қазір өлген аққуларды тиісті мекемелер жою жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Маңғыстауда аққулардың жаппай өлуіне байланысты тиісті жұмыстар жалғасуда. Басқарманың инспекторлары қырылған құстардың санын анықтады. Біздің есеп бойынша желтоқсан айының 21 бері қырылған аққулар саны 412-ге жеткен. Өлген құстарды жою, вакцинациялау секілді жұмыстармен айналысу біздің құзіретімізге кірмейді», - деді басқарма басшысы Ғаббас Досатов.
Бұған дейін Маңғыстау облысының экология департаменті көлдің суы құстар үшін қауіпті емес екенін мәлімдеген еді. Бүгінде Қаракөлдің су сынамасын тексеру кезінде шектен тыс концентрациясынан аспағаны белгілі болды.
Сондай-ақ, өңірдің ветеринария басқармасының басшысы Бердібек Марқабаев аққулардың қырылуын қоректің жетіспеуімен түсіндірді. Ол облыс бойынша 2023 жылдың күз мезгілінен бері алты мыңнан астам құс вакцинацияланған.
Бұдан бөлек, Қаракөлде аққулардың ірі көлемдегі өлексесі табылған соң тиісті сараптама жұмыстары іске асырылды. Ал оларды жою жұмыстары ветеринариялық заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асуда.