ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекбол Орынбасаров пен ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов Маңғыстау облысына іссапармен келді. Сапар барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаты мен вице-министр «Басқұдық-Бекі» су құбырын қалпына келтіру мәселесі бойынша Бекі ауылына барды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекбол Орынбасаровтың айтуынша, «Бекі-Басқұдық» су құбырын қайта құрылымдауға республикалық бюджеттен 273 млн теңге, жергілікті бюджеттен 42 млн теңге бөлінген. Қазір қаражат толықтай игерілді. Алайда су жүйесін іске қосқанда, 7 шақырымында мәселе туындаған.
- Бұл мәселе оң шешімін табуы үшін су құбырын толықтай жергілікті атқарушы органдардың меншігіне беру қажет, - деді Бекбол Орынбасаров.
Вице-министр «Басқұдық-Бекі» су құбырын қаңтардың аяғына дейін жергілікті әкімдіктің балансына берілетінін жеткізді. Ерболат Ибрайханов мәселе 2 жылға дейінгі мерзімде толықтай шешімін табатынын да тілге тиек етті.
-Ақау пайда болған құбырдың 7 шақырымдық бөлігіне жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, ашық тендер жарияланатын болады. Содан кейін ғана жөндеу жұмыстары басталады. Ал, оған дейін Бекі ауылының тұрғындарына су тасымалдайтын көлікпен ауыз су беріледі, - деді Ерболат Ибрайханов.
Сондай-ақ, вице-министр «Құйылыс-ЦУВС-1» жерасты су магистральды құбырында жасалынып жатқан жұмыстармен де танысты.