Ұлттық мереке қарсаңында ҚР Президенті жарлығымен Маңғыстау облысы Полиция департаментінің бірқатар қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қызмет бабында қаза тапқан Маңғыстау облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілі Тұрсынбеков Әділет Алшынбайұлына “Ерлігі үшін” мемлекеттік наградасы жарияланып, анасына табысталды. Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болатбек Ақшауов “Айбын” орденімен марапатталды. Сондай-ақ, патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Ерболат Романкулов пен Рыскелді Маденовке “Ерлігі үшін” және “Жауынгерлік ерлігі үшін” медальдары табысталды.
Айтулы мерекеге орай Маңғыстау облысы Полиция департаменті ғимаратында департамент басшылығы, жеке құрамы және ішкі істер органдары ардагерлерінің қатысуымен мерекелік салтанатты іс-шара өткізілді. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Туы әкелініп, Мемлекеттік Әнұраны ырғағымен ашылды. Одан кейін ҚР Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Марат Ахметжановтың арнайы құттықтау жеделхаты көпшіліктің назарына ұсынылды.
Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Аян Дуйсембаев сөз сөйлеп, Республика күнінің мемлекеттік мереке есебінде қайтарылғандығы тарихи шешім болғандығын атап өтіп, шараға қатысушыларды маңызды мерекемен құттықтады.
Бұдан кейін, шара барысында Ішкі істер министрлігінің және облыстық полиция департаменті бастығының мерекелік марапаттау жайлы бұйрығы жеке құрамға таныстырылып, қызметте кәсіби біліктілігінің арқасында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген ішкі істер органдарының қызметкерлері марапатталды. Ішкі істер министрінің құзырымен, 3 қызметкерге арнаулы атақтар табыс етіліп, 10 қызметкер марапатталса, департамент бастығының құзырымен 110 қызметкер марапатқа ие болды. Барлығы 5 Ішкі істер органдарының ардагері алғыс хатпен марапатталды.
Сондай-ақ, осы салтанатты шараның барысында ведомства басшылығы мен жеке құрамы Маңғыстау облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары болған полиция полковнигі Амангелді Халмұрадовты құрметті еңбек демалысына шығарып салды.
Амангелді Халмұрадов 1968 жылы 22 маусымда дүниеге келген. ІІО-да 1990 жылдардан бастап қызметте. Ол өз қызмет жолын жүргізуші қызметінен бастап, өз еңбек жолында бірқатар басшылық лауазымдарды атқарған. 2019 жылдың қаңтар айынан бастап бүгінгі күнге дейін облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары лауазымында болды.
– Амангелді Хайырмұхаммедұлы, сіз ішкі істер органдарында 34 жылдан бері түрлі лауазымдарда қызмет атқарып келесіз, үлкен еңбек жолынан өттіңіз. ІІО қызметіңізді бастағалы бері осы киелі Маңғыстау өңіріне адал қызмет етіп келдіңіз. Сіздің басшылығыңызбен жас қызметкерлерді тәрбиелеу, полиция қызметкерлерінің бойында жоғары кәсіби және адами қабілеттерді қалыптастыруда зор жұмыс атқардыңыз,- деп атап өтті ПД бастығы Аян Сабитұлы.
Осылайша, Республика күніне арналған салтанатты шара мерекелік концертке ұласты.