22 қазан күні қала күніне орай «Korkem Alem» компаниясының ұйымдастыруымен «Асық PARTY» өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жетінші рет өтіп жатқан ойын бұрынғыдан өзгерек. Бұған дейін еркін ойын форматында өтсе, енді ойынға шаһардағы мұнай-газ өндіру серіктестіктері, мемлекеттік мекемелер және өзге де әр түрлі сала өкілдері мен жастардан құралған 12 топ бақ сынады.
Көп ұпай жинап, ойында шеберлік танытқан топтарға үш жүлделі орын тағайындалды. Оларға 100 мың, 75 мың, 50 мың теңге көлемінде қаржылай және естелік сыйлықтар тарту етілді.
Тартысты ойын нәтижесінде «Шегем» командасы ІІІ орын иеленсе, ІІ орынды «Лада» командасы қанжығасына байлады. Ал кіл мықтыға дес бермеген «Теңге жастары» І орын иеленіп, ойынның жеңімпазы атанды. Сонымен қатар үздік ойыншылар анықталып, алғыс хаттармен марапатталды.
«Асық PARTY-ды» ұйымдастырудағы басты мақсат – ұмытылып бара жатқан ұлттық ойынның ғұмырын жалғап, жас ұрпақ арасында қайтадан жандандыру.