Ақтауда 20-21 қазан күндері “Мектеп жасындағы балаларда “4К” диагностика мен дамуды жүргізу әдістемесі" тақырыбында облыстық екі күндік семинар-тренинг өтті. Семинар-тренингті Елбасы Академиясының "4К" авторлық әдістемелерін әзірлеушілер жүргізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Тренингке "Дарын" орталығының 10 қызметкері мен 120-ға жуық мектеп психологы қатысты. Оларға мектеп жасындағы балалардың “4К”диагностикасы мен қабілеттерін дамыту, сыни ойлау, шығармашылық, коммуникация және ынтымақтастық бойынша әлеуметтік-психологиялық білім, дағдылар мен әдістемелер жүйесін дұрыс бағамдауды үйретті.
"Әрбір ата-ана баланың қай салада қабілеті бар екенін, қалай жұмыс істеу керек екенін білу үшін qabilet.elbasyacademy.kz платформасында "4К" критерийлері бойынша баласының тест тапсыру нәтижесін қадағалай алады. Егер даму динамикасын үнемі қадағалап, нұсқаулық берсеңіз, баланың қызығушылығын анықтайсыз. Әрі қарай баланы сүйемелдейтін болсақ, болашақта одан білікті маман шығатыны анық", - дейді Балалар мен жастарды диагностикалау және дамыту орталығының директоры Гүлім Жүсіпова.
Сондай-ақ тыңдаушылар психологиялық диагностика жүргізудің әдіснамасы мен ХХІ ғасырдың "4К" дағдыларын дамытудың заманауи технологиялары мен мектеп жасындағы балалардағы сыни ойлау, шығармашылық, коммуникация, ынтымақтастық әдістерін меңгерді.
"Психолог баланың жанын түсінбесе, оны жігерлендіре алмайды. Сондықтан семинарда психологтар білімін жетілдірді. Алдағы уақытта балалардың дамуына және олардың алға жылжуына көмектесе береді", - дейді Маңғыстау облысы "Дарын" орталығының директоры Несібелі Қуатова.
Іс-шараны Елбасы Академиясы Маңғыстау облысының білім басқармасы және "Дарын" орталығы бірлесіп ұйымдастырды.