
Маңғыстау облысында жыл басынан бері 209 есірткіге қарсы құқықбұзушылық тіркелген. Оның ішінде 58 есірткі қылмысы, 151 есірткі қылмысына қарсы теріс қылық анықталды. Бұл туралы Жастарды қолдау жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында Маңғыстау облысы Полиция Департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі полиция капитаны Алтынай Әмірғалиева айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Алтынай Аманқұлқызының айтуынша, биыл 8 ай ішінде есірткі затын сату бойынша 38 дерек, аса ірі көлемде есірткі, психотроптық заттарды заңсыз сақтау бойынша 11 дерек, көндіру – 2 дерек, контрабанда – 2 дерек және есірткі заттарды өсіру бойынша 5 дерек анықталған. Ал есірткі затын ірі көлемде сақтау – 22, есірткі затын сақтау бойынша 129 дерек тіркелген.
«Сонымен қатар жыл басынан бері облыста заңсыз есірткі айналымынан 69 келі 862 грамм есірткі заты тәркіленді. Оның ішінде марихуана – 64 келі 772 гр, героин – 2,0 гр, апиын – 127 гр, гашиш – 684 гр, синтетикалық есірткі заты – 4 келі 278 гр бар. Осы ретте мамандар есірткінің алдын алу, яғни профилактикалық шаралар жүргізуді жалғастыруда. Атап айтқанда, биыл 202 профилактикалық іс шара жүргізілді. Ақтау қаласындағы қоғамдық орындарда 375 граффити жазуы анықталып, жойылды. Сондай-ақ есірткі және олардың аналогтарын жарнамалайтын, сататын 75 интернет сайты бұғатталды», - дейді Маңғыстау облысы Полиция Департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі полиция капитаны Алтынай Әмірғалиева.
Маманның мәліметінше, синтетикалық есірткінің 1 дозасы шамамен 50 мың теңге тұрады. Соған қарамастан жыл сайын синтетикалық есірткіге тәуелділік артуда. Осы орайда жауапты мамандар есірткіге қарсы күресте қоғам болып жұмылу қажет екенін тілге тиек етті.