ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Маңғыстау облысына келіп, «МАЭК»ЖШС-нің алдағы жылыту маусымына дайындық барысымен танысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚКО сілтеме жасап.
Мәди Такиев, Самат Мұсабаев, Әділ Жұбанов, Мұрат Еркешбаев, Мархабат Жайымбетов және Ерлан Стамбековты энергетикалық комбинаттың қазіргі жағдайы, облыстық және республикалық бюджеттен бөлінген қаражат шеңберінде қабылданып жатқан қысқа мерзімді шаралар, кәсіпорынды жаңғырту жөніндегі ұзақ мерзімді перспективалық жұмыстар туралы хабардар етті.
«МАЭК» ЖШС Бас директоры Жасұлан Сүйіншалиев биыл кәсіпорында тұщыландыру қондырғыларын монтаждау және қолданыстағы тұщыландыру қондырғыларының өнімділігін арттыру бойынша жұмыстар басталғанын айтты. «МАЭК» ЖШС тұрғындарды барлық қажетті ресурспен қамтамасыз ететін бірден-бір кәсіпорын болғандықтан жылу маусымына дайындық мәселелеріне ерекше назар аударуды талап етеді.
- Маңғыстау өңіріне қондырғылардың жағдайын тексеруге арнайы келдік. Қондырғылардың 81 пайызы тозығы жеткен. Алдағы уақытта мәселе оң шешімін табады деген ойдамыз. Жылу, энергетика саласындағы құрылғыларды модернизациялау мәселелерін әрдайым көтеріп үкіметтің алдына қойып отырмыз, - деді Мархабат Жайымбетов.
Айта кетейік, бұған дейін МАЭК-те жөндеу жұмыстарын жүргізу және жабдықтар сатып алу үшін биыл 14,5 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде МАЭК инвестициялық бағдарламалары шеңберінде 6,8 млрд теңге, жергілікті бюджет резервінен 2,6 млрд теңге, ҚР Үкіметінің резервінен тағы 4,9 млрд теңге бөлінген.
Сонымен қатар мәжіліс депутаттары Қошқар ата улы қалдықтар қоймасы аумағымен танысты. Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсел Балманова негізгі аспектілерге тікелей тоқталды.
- Өңіріміз үшін аса маңызды мәселелердің бірі - Қошқар ата қалдық сақтау қоймасын ретке келтіру жұмыстары. Көлден ұшқан зиянды қалдықтар Басқұдық, Баянды және Атамекен ауылдарына зардабын тигізуде. Бүгінгі күні аталған жұмыстар тоқтатылып тұр. Өйткені республикалық бюджеттен қаржы қарастырылуда. Қошқар ата көлінің жалпы ауданы - 7 790 га. Оның 6600 гектарында 105 млн тонна қалдық оның ішінде 51,8 млн тонна радиактивті қалдықтар жиынтығы бар. Осы мәселе бойынша мәжіліс депутаттарына түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Айта кетсек, ҚР президенті бұл мәселе 2024 жылдың соңына дейін шешілу қажет екенін айтқан еді. Аталған бағытта жұмыс 2020 жылы басталып, 266 гектар жер 30 см топырақ үйіндімен жабылған болатын. Қазіргі таңда сексеуіл егу жұмыстары да жүргізілуде,- деді Әсел Балманова.