Ақтау қаласындағы мектептің бірінде 8-сынып оқушысы мұғаліммен жанжалдасып, сөзге келген. Мұны полицейлер әлеуметтік желіде тараған видеодан анықтаған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Білім басқармасының мәліметінше, оқушы сабаққа өрмекшінің суреті бар бетперде киіп келген. Ал мұғалім сабақ барысында бетпердені шешуін талап еткен, бірақ оқушы мұнымен келіспеген. Мұғалім оқушыны сыныптан шығармақ болғанда, ол қарсылық танытқан.
- Аталған факті бойынша Ақтау қалалық ІІБ кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары жасөспірімнің ата-анасын анықтап, профилактикалық әңгіме жүргізді. Ал мұғалім тарапынан ешқандай арыз болмады, - дейді облыстық ПД баспасөз қызметі.