Еліміздегі өңірлер 16 миллиард теңгені, ал министрліктер 54 миллиард теңге бюджет қаражатын игерген жоқ. Маңғыстау облысы да қаражатты уақытылы жұмсамаған. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты mangystautv.kz-ке сілтеме жасап.
Биыл Маңғыстауға республикалық қазынадан бөлінген қаражаттың 94,5 пайызы ғана пайдаланылды. Жыл соңына дейін үш айдан астам уақыт қалды, бірақ жергілікті билік 2,4 млрд теңге көлемінде қаражатты әлі игерген жоқ.
- Игерілмеудің негізгі себептері – орындалған жұмыстар үшін жұмыс актісін уақтылы ұсынбау. Мемлекеттік сатып алу нәтижелеріне және жекелеген жобалар бойынша жобалар құнының өсуіне шағымдар бар. Негізінен, бұл «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан әлеуметтік нысандар – инженерлік желілер мен қолданыстағы мектептерге қосымша құрылыстар, автомобиль жолдары, ауылдық клубтар құрылысы, - деді Маңғыстау облысының қаржы басқармасының басшысы Светлана Нарешова.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта жоба құнының қымбаттауына байланысты салалық басқармаларға және осы жобалардың сметалық құжаттамаларына өзгерістер енгізіліп жатыр, ақша жыл соңына дейін игеріледі деген жоспар бар.