Тоғыз айдың қорытындысы бойынша облыста қылмыс деңгейі 22,2 пайызға төмендеген. Қоғамдық орындарда, көшелерде және мас күйінде жасалған қылмыстар да азайып келеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігінде өткен алқа мәжілісінде кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыспен күрес және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты мәселе болды. Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі – жүргізушілердің көлік жүргізу кезінде ұйықтап кетуінен жолдан аударылып кетуі, жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуы. Облыста жол-көлік оқиғаларын азайту бойынша бірқатар шаралар қабылданып, нәтижесінде облыста жол-көлік оқиғаларының саны 2,5 пайызға азайған.
Тоғыз айда облыста 188 377 құқық бұзушылық анықталды. Құқық бұзушыларға барлығы 2 миллиард теңгеден астам айыппұл салынып, оның 84,1 пайызы өндірілді. Жыл басынан бері облыста 308 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 8 фактіге азайған. Полицейлер 671 мас жүргізушіні ұстады.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінің қорытындысы бойынша аумақтық бөлімшелердің қызметіне баға беріліп, құқықтық тәртіпті және қоғамдық қауіпсіздікті одан әрі қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешені белгіленді. Облыстың бас полиция қызметкері департаменттің әр бөлімшелері мен бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берді.