Маңғыстауда 23 наурыз күні «Жер сағаты – 2024» жаһандық акциясы аясында сағат 20:30-дан 21:30-ға дейін көптеген нысандар электр жарығынан ажыратылды. Шараның басты мақсаты – планета ресурстарына жауапкершілікпен қарау және әлем назарын ұқыпты пайдалануға назар аудару, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz өңірлік экология департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің басшысы Гүлім Ұлықбанованың айтуынша, кәсіпорындардың басым бөлігі экологтар көтерген бастаманы қолдап, сыртқы сәндік жарықтандыруды өшірген.
- Бұған дейін Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті бірінші және екінші санаттағы барлық операторларға, яғни мұнай-газ кәсіпорындарына бір сағатқа электр энергиясынан бас тарту арқылы «Жер сағаты» жаһандық экологиялық акциясына қосылу туралы үндеу-хат жолдаған болатын. Барлық дерлік ұйымдар біздің ұсынысты қолдап, сыртқы сәндік жарықтандыруды өшірді. Сонымен қатар көптеген экологтар өз үйлерінде электр жарығын өшіріп, ортақ іске өз үлестерін қосты. Шет қалмай, белсенділік танытқан әрбір экология жанашырына алғысымыз шексіз. Жалпы бұл акция дүние жүзіндегі ең ауқымды шаралар қатарына жатады, - деді Гүлім Ұлықбанова.
Жаһандық акцияға биыл жиырма үш ірі және орта компаниялар қатысты. Өткен жылы Ақтау қаласы бойынша көшелердегі 1366 жарық шамдары сөндірілсе, биыл 1407 жарық шамдары өшірілді. Сонымен қатар, өткен жылы бір сағат ішінде 341,50 кВт электр энергиясы үнемделген болса, биыл бір сағатта 362 кВт электр энергиясы үнемделді.
Жыл сайын дәстүрге айналған экологиялық шара келесі жылы да жалғасын табады.