28-29 қазан күндері маңғыстаулық спортшылар Кипр Республикасының Гирне қаласында өтетін ашық Еуразия чемпионатында ел намысын қорғайды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Байрақты бәсекеге 10 елден келген спортшылар бақ сынайды.
Айта кетейік, жақында жаңадан Taekwondo GTF тұжырымы бойынша «Қазақстан Ұлттық Федерациясы» құрылды. Қара белбеу ІІ иегері дан Бүркіт Исакұлы аталмыш федерацияның Маңғыстау облыстық филиалының президенті болып бекітілді.
Чемпионат болса жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында өтеді. Ұлттық құрама сапында Алматы, Ақтөбе, Павлодар және Ақтау қаласынан 25 таэквондошы бар. Оның жетеуі - Маңғыстау облысынан.
"Еуразия чемпионатына шақырту алу біз үшін жақсы мүмкіндік. Бұған дейін оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Меніңше, біздің командада жеңіске жету үшін жауынгерлік рух бар. Алтын медальдар болатынына сенімдімін, бар күш-жігерімізді аямай тер төгуге дайынбыз, жеңіске жету жолында аянып қалмаймыз», - деді облыстық Taekwondo GTF ұлттық федерациясының президенті, қара белбеу II дан иегері Бүркіт Исакұлы.
Бүркіт Исакұлы да осы чемпионатта ересектер арасында өнер көрсетеді. Сондай-ақ қара белбеу ІІІ данға емтихан тапсырады.