Ақтауда 33-шағынаудандағы әйнегі шағылып, терезелері үңірейген 30-үйдің видеосы желі қолданушыларының қызу талқысына түсті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
«Үйдің төменгі қабатындағы әйнектердің дені сынған. Бір жылға жуықтады, жаздан бері осы тұрысы, ешкім назар аудармады. Қала кезіп жүрген ұлы бар, қызы бар, бір топ қаңғыбастар мен бұзақылар бас қосып,әйнектерді шағып, ішіне кірді. Ішімдік ішіп, есірткі заттарын қолданды. Әйтеуір уақыт өте темір торлар орнатылды. Бірақ терезелер сол күйі үңірейіп тұр. Коммуналдық төлемдерді уақытылы төлеп отырмыз. Осы үйге кіргеніме 3 жылға жуықтады. Балалар үйінде тәрбиеленгендіктен жетімдер санаты бойынша пәтер кезегіне тұрып алдым. Тұрғындардың басым бөлігі әлеуметтік аз қамтылған отбасылар, арасында мүгедектер бар. Үйдің астыңғы қабаттары коммерциялық мақсатта пайдалану үшін көзделген сияқты. Дүкен ашылады деген сыбыс болды. Үйіміздің ауласының сиқы осы. Балаларға арналған ойын алаңы тіптен талапқа сай емес. Жылу мәселесі мүлдем бөлек әңгіме. Мүжәлсіз отбасылар көп болғандықтан тұрғындардың басым бөлігінің коммуналдық қызметтерге қарызы болуы мүмкін. Алайда осыған қарамастан ауланы көгалдандыру мен аббаттандыруға қала әкімдігі көңіл бөлсе дейміз.»,-дейді есміні жасырын ұстауды өтінген үй тұрғыны.
«Терезе әйнектерін кім шаққанын білмейміз. Ауламыз тәртіпсіздіктердің ордасына айналды. Зиянды әдетке үйір адамдар өріп жүр. Ешқандай бақылау жоқ. Жуырда көршілермен бірігіп өз подьездімізді әктеп алдық»,-дейді үй тұрғыны Сәуле Ұзақбаев.
Мәселенің мәнісін білу үшін тұрғындардың мәліметіне сүйеніп, сайт тілшісі 31-үй 76-пәтерде орналасқан үйлерге қызмет көрсетуші мекеме «Тұрғын үй сервис» ЖШС-не бас сұқты. Есік жабық, ешкім тіл қатқан жоқ. Осы мәселе бойынша қала әкімдігі мен құзырлы мекемелердің жауабын күтеміз.