«Табиғи орта» Батыс Қазақстан үкіметтік емес ұйымдары өңірлік ассоциациясының ұйымдастыруымен Ақтөбе облысы Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелді ауылында экотуризм және экобілім беру әлеуетін жергілікті қоғамдастықтарды қатыстыру арқылы дамыту тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті.
Маңызды тақырыптағы басқосу өткізуді Байғанин ауданы Дияр ауылындағы «Дала табиғаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айбек Оразғалиев ұсынған еді. Оның айтуынша, 2015 жылғы санақ нәтижесі бойынша киіктің Үстірт популяциясы 1270 бас қана болып, жойылып кету қаупі төніп тұрған еді. Дегенмен, мемлекеттік табиғатты қорғау құрылымдары мен жергілікті халықтың қорғау жұмыстарының арқасында киіктің саны жылдан жылға өсіп, биылғы санақ бойынша 28 мыңға жетті.
«Осы орайда біз жергілікті тұрғындар ретінде киіктің сақталуына атсалысып, экологиялық туризмі мен экобілім берудің дамуына үлес қоса аламыз. Яғни, табиғатты қорғап жүріп, жұмыссыздықтың жойылуына және өскелен ұрпақта экологиялық мәдениет қалыптастыруға мүмкіндік туғыза аламыз», - деді табиғат жанашыры.
Іс-шараға қатысқан аудан әкімдігінің, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының, аудандық білім бөлімінің, аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің өкілдері мен Дияр және Оймауыт ауылдарының әкімдері күн тәртібіндегі тақырып бойынша пікір алмасып, дөңгелек үстел ұйымдастырушыларының ұсыныстарын қолдады.