29 ақпан күні сағат 22:30 шамасында Бейнеу аудандық төтенше жағдайлар бөліміне 1979 жылы туған азаматтың жоғалып кеткені туралы хабар келіп түскен. Анықталғандай, ер адам 26 ақпанда Диар ауылынан (Ақтөбе облысы) Бейнеу ауылына қарай жолға шыққан. Оны соңғы рет 29 ақпан күні кешке Сорша станциясынан жол сұрағанда көрген. Содан кейін ол Шағырлы-Шомысты кен орнына қарай бет алған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ТЖД-ға сілтеме жасап.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына Бейнеу аудандық төтенше жағдайлар бөлімінен 1 қызметкер, 1 техника, 1 ерікті адам жұмылдырылды. Іздеу жұмыстарына дрон да пайдаланылды. Бейнеу ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің аға тергеушісі азаматтық қорғау аға лейтенанты Тимур Әметовтың жетекшілігімен жүргізілген жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде із-түзсіз жоғалған азамат табылды. Оған ешқандай медициналық көмек қажет болмады.