Спортшылар қазақстандықтарды алғыс айту күнімен құттықтап, соның ішінде спорттың өркендеуі жолында сіңірген жасампаз еңбектері үшін бапкерлерге, жарыста тілеулес болатын жанкүйерлеріне, қолдау білдіретін жақындарына алғыс айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
- Осындай ерекше мерекеде мені жарыс алаңына алғаш жетелеп шығарған жаттықтырушыларыма алғыс білдіргім келеді. Маңдай терімен жеткен биігім – бірінші кезекте бапкер еңбегінің нәтижесі. Бапкерлерім тұғырда қасқайып тұратын шәкірттері үшін бар өмірін сарп етеді. Әлемге танылған әр спортшының жеңісіне бапкердің қосқан үлесі зор, - деді бокстан 2019 жылғы Әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов.
Спортшылар үшін жарыста тілеулес болып, бірге қуанып, шабыт беретін спорт жанкүйерлерінің орны ерекше. Осындай мереке қарсаңында Нұрдаулет Жарылғапов сайысқа түскенде спортшы үшін тақымын қысып отыратын, қолдаулары үлкен күш беретін барлық жанкүйерге рақметін айтты.
- Осы мейрамды пайдалана отырып, өмірдегі жетістіктерім үшін ата-анама, қазақ еліне, жанкүйерлерге және бағыт берген әрбір бапкеріме рақмет, - деді самбодан 2023 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері Гүлдана Әлмұхамбетова.