Маңғыстауда «Отбасы банк» «Отау» бағдарламасын іске қосты. Тұрғындар 1 наурыздан бастап 30 сәуірге дейін баспана маркет otbasybank.kz порталында бағдарламаға қатысу туралы өтініш жолдай алады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте «Отбасы Банк» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы директоры Медет Абугалиев мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Спикердің айтуынша, аталған бағдарламаға «Отбасы банк» салымшылары, «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы, оның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар қатыса алады. Үміткердің жинақ шоты ең кемі 18 айлық болуы керек. Өтінім беру сәтінде депозиттегі жинақ сомасы 1 млн теңгеден кем болмауы тиіс. Қатысушы жасы 18-ден 63 жасқа дейін болуы қажет. Бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінде соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлік болмауы керек.
-«Отау» бағдарламасы жұмыс істейтін жастарды, жас отбасыларды, «Отбасы банкінің» салымшыларын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жыл сайын заемдардың жартысынан астамы 35 жасқа дейінгі қазақстандықтарға кредит беруге бөлінетінін білдіреді. Жыл сайын біз қаржыландыруға 150 млрд теңге бағыттайтын боламыз. Бұл ақша отбасы банктің өз қаражаты есебінен бөлінетін болады, сондай-ақ қазақстандық қаржы нарығынан да қарыз алып, қаражат тартуды жоспарлап отырмыз. «Отау» бағдарламасы 7 жылға есептелген. Осы кезеңде біз 50 мың азаматтың тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесеміз, - деді Медет Абугалиев.
Өтінім беру уақыты аяқталғаннан кейін otbasybank.kz сайтында қатысушылар тізімі автоматты түрде жасақталады. Оған ең көп ұпай жинағандар кіреді. Спикер брифингте ұпайлар қалай саналатынын айтып өтті. Яғни, салым бойынша сыйақы мөлшері үшін - әрбір 1 000 теңгеге 5 балл, салым мерзімі үшін - салымның әрбір жылы үшін 5 балл, тіркелген неке үшін - 10 балл, балалардың болуы үшін - санына қарамастан 50 балл беріледі.
- Егер үміткерлердің ұпайларының саны бірдей болып қалса, онда басымдық салым сомасы көбірек және жинақтау мерзімі ұзағырақ адамдарға беріледі. Іріктеуден өткен қатысушылар 40 жұмыс күні ішінде несиелік өтінім бере алады. Банктен оң мақұлдау алған жағдайда несиелік өтінім 6 ай ішінде жарамды болады. Осы уақыт аралығында бағдарламаға қатысушы баспана тауып, несие алып, оны сатып алуы керек, - деді Медет Абугалиев.
Бағдарламаға қатысушы жаңа тұрғын үйді баспана маркет otbasybank.kz порталынан ғана сатып ала алады. Бұл қызмет жаңа тұрғын үй бағдарламасының басталуы аясында тұрғын үй бағасының жасанды өсуіне жол бермеуге арналған. Әрбір нысан аталмыш платформаға орналастырылмастан бұрын, тұрғын үйдің ағымдағы нарықтық бағасы негізінде құнын бекіту процесінен өтетін болады. Егер ол нарыққа сәйкес келсе, онда құрылыс салушымен шаршы метр бағасын белгілей отырып, тұрғын үйді сату туралы келісім жасалады.
«Отау» бағдарламасы алғашқы жарна - 20%-дан бастап, кредит бойынша мөлшерлеме - жылдық 9% бастап, несие мерзімі - 19 жылға дейін болу керек деген шарт қояды.
«Отау» бағдарламасын іске асырудың барынша ашықтығы үшін оның қатысушыларының тізімі заем алушылардың келісімімен «Отбасы банкінің» сайтында жарияланатын болады. Әрбір адам өтінімдерді іріктеу және ұпайларды есептеу нәтижелерімен otbasybank.kz порталда таныса алады.