Ақтауда «American Heart Association» ұйымы өңірдегі медициналық клиникамен бірлесіп алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйрететін оқу орталығын ашты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынның ашылу салтанатына Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали, Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаров, канадалық профессор Кевин Фрик, Ақтау әуежайы, ХҚКО және банк қызметкерлері мен медицина мекемелерінің басшылары қатысты. Орталықта алғашқы медициналық көмек көрсетуді 4 курс бойынша оқытады. Атап айтқанда, қатысушылар негізгі реанимациялық көмек, жүрек-өкпе реанимациясы мен автоматты сыртқы дефибриллятор арқылы алғашқы көмек, кеңейтілген жүрек-өкпе реанимациясы және педиатриядағы кеңейтілген жүрек-өкпе реанимациясы курсын өтеді. «Ақерке» медициналық клиникасының басшысы Сара Дусипованың айтуынша, әрбір курс бөлек оқытылады.
-Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы №269 бұйрығына сәйкес, халықпен өзара іс-қимылға байланысты жедел және өзге де қызметті жүзеге асыратын мамандар және білім беру ұйымдарының қызметкерлері міндетті түрде алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша курстан өтуі керек. Бұл оқу платформасы жалпы халықтың медициналық сауаттылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Енді өңіріміздің тұрғындары басқа қалаға немесе елге бармай-ақ, халықаралық стандартқа сәйкес алғашқы медициналық көмек көрсету курсын оқи алады, - деді «Ақерке» медициналық клиникасының басшысы Сара Дусипова.