Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының дәрігерлері туғанына 39 күн болған нәрестені аман алып қалды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Былтыр желтоқсан айында дүниеге келген сәбиді 13 қаңтар күні өте ауыр халде балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді. Нәрестені толық тексерген дәрігерлер "ми қан айналымы жүйесінің бұзылуы" диагнозын қойды.
- 13 қаңтар күні туғанына 39 күн болған сәби "ми қан айналымы жүйесінің бұзылуы" диагнозымен ауруханаға түсті. Яғни, жедел субдуральды гематома, сол жақ миының ісінуі, инсульт алғаны анықталды. Жедел түрде шешім қабылданып, шұғыл түрде ота жасалды. 1 сағатқа созылған ота сәтті өтті,- деді балалар нейрохирургы Ербол Кенжевалов.
Айта кетейік, миға отаны балалар нейрохирургы Ербол Кенжевалов жасады. Отадан соң, 10 күн реанимацияда жатқан сәбиді реанимация бөлімінің меңгерушісі Мереке Бекбаев, реаниматологтар Гүлайым Джанова, Амангелді Әшімхан, Елена Горбунова сынды дәрігерлер баланы ИВЛ аппаратта ұстап, қан-плазмасын құйып, ем-домын жасап, күні-түні бақылауда ұстады.
Жағдайы тұрақталғаннан кейін, нәрестені палатаға шығарды. Бала анасымен бірге травматология бөлімінде емін ары қарай жалғастырды. Жалпы жағдайы тұрақталғаннан соң дәрігерлер сәбиді үйге шығарды. Бүгінгі күні сәби ата-ананың және дәрігердің бақылауында.