«Достық» үйінде жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінің жабылу салтанаты өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық білім басқармасына сілтеме жасап.
9-11 сынып оқушылары арасындағы облыстық пәндік олимпиада 13-18 ақпан аралығында өткізілді.
Олимпиада жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша барлығы 15 пән бойынша ұйымдастырылды.
Олимпиадаға облыстың 665 оқушысы қатысып, 156 оқушы ІІІ орын, 66 оқушы ІІ орын, 42 оқушы І орынмен марапатталды. Барлығы 264 оқушы жеңімпаз атанды.
«Ең үздік қала мектебі - 2023» номинациясымен Ақтау қаласы мамандандырылған ІТ лицейі;
«Ең үздік ауыл мектебі -2023» номинациясымен Мұнайлы ауданы Шоғы Мұңалұлы атындағы №5 жалпы білім беретін мектебі;
«Ең үздік ауыл оқушысы - 2023» номинациясымен Мұнайлы ауданы Шоғы Мұңалұлы атындағы №5 жалпы білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Тұрсынбаева Ақгүл;
«Ең жас қатысушы - 2023» номинациясымен «Білім-инновация» лицейінің 7-сынып оқушысы Дарябай Жандос;
«Абсолюттік чемпион - 2023» номинациясымен «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Ернар Дүзелбай мен Ақтау қаласы №1 жалпы білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Зарина Нысанбекова марапатталды.
Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша «Ең үздік олимпиадалық команда -2023» - Ақтау қаласының командасы, жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша «Ең үздік олимпиадалық команда -2023» - «Білім-инновация» лицейінің командасы атанды.
Үздік деп танылған 3 жеңімпаз оқушыға Ш.Есенов атындағы Каспий мемелекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің білім гранттары берілді.