Маңғыстау облыстық перинатальдық орталығында жылына 9 мыңға жуық нәресте дүниеге келеді. Олардың ішінде 300-ге жуық сәбидің дамуында туа біткен ақаулар анықталады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Ең жиі кездесетіні - ішек , асқазан жүйесі мен жүректің, жүйке түтігінің туабітті ақаулары және көптеген аномалиялар. Көп жағдайда сәбилерге жедел хирургиялық көмек қажет болады және күрделі оталар міндетті түрде алғашқы тәуліктерде жасалуы қажет болып жатады. Орталықта туа біткен ақаумен дүниеге келген сәбилердің өмірін сақтап қалуда Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жоғары санатты хирург дәрігері Құрман Айғалиұлы Қайрановтың еңбегі өте зор. Әрбір сәбидің жағдайын жеке дара талқылап, шешім қабылдайды. Отаға шағын инвазивті, инновациялық әдістер мен күрделі медициналық технологиялар қолданылады.
Биылғы ақпан айында туа біткен ақаумен дүниеге келген үш сәбиге өте күрделі ота жасап, ішектер бітеулілігін анастомоз (илеоилеоанастомоз, еюноилеоанастомоз) жасау арқылы қалыпты жағдайға келтірді. Жалпы, ота жасау- командалық жұмыс. Хирург, анестезиолог, неонатолог, реаниматолог, орта және кіші медицина қызметкерлерінің тығыз әрекет етуінің арқасында операциялар сәтті өтеді. Сәбидің әрі қарай оңалып кетуі нәрестелерді жетілдірудің 2-ші сатысы және нәрестелер реанимациясы бөліміндегі неонатолог пен реаниматолог мамандардың кәсіби біліктілігіне, ерекше күтіміне тікелей байланысты. Бұл оталар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) есебінен жасалды. Қазіргі таңда сәбилердің жағдайлары қалыпты, организмдеріндегі бұзылған функциялар тұрақталғанша ем қабылдайтын болады.