«Respublica» партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдарбек Ходжаназаров Маңғыстау облсыныа жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Депутат алдымен Түпқараған ауданындағы құс фабрикасының жұмысымен танысты. Фабрика басшылығы құлдырау үстінде тұрғанын жеткізді. Айдарбек Ходжаназаров бұл мәселені тиісті министрліктерге жеткізіп, фабриканы сақтап қалуға атсалысатынын айтты.
Мәжіліс депутаты Ақшұқыр, Сайын Шапағатов ауылының тұрғындарымен кездесу барысында Маңғыстау, Қызылорда, Атырау облыстарының ауыл шаруашылығы саласына бөлек ереже керек екенін айтты. Оның сөзінше осы өңірлерге тауарларды тасымалдауды субсидиялап, азық-түлікті арзандатуға болады.
- Бір ереже бүкіл елге тиімсіз. Әр өңірдің өзіндік табиғи ерекшеліктері бар. Сол себепті әр аймақта салалық ереже болуы тиіс деп санаймыз. Біздің партиямыздың ерекшелігі мақсатта емес, тәсілде. Шаруаларды кәсіпкер ретінде қолдасақ еліміз дамиды. Сондықтан VIII құрылымда жиналған депутаттар бұл бастамамызды қолдайды деп ойлаймын, - деді Айдарбек Ходжаназаров.
Сондай-ақ кездесу барысында тұрғындар да өз сауалын жолдап, жауап алды. Мәселен Түпқараған ауданындағы балықшы соңғы уақытта Каспийдегі балықтардың уланып қырылып жатқанын, алайда экология министрлігі мұны растамай отырғанын айтты. Суда балықтардың азаюынан балықшылар да кәсібінен айырылудың алдында дейді ол. Ал Мәжіліс депутаты бұл мәселенің расында өзекті екенін, тиісті министрліктермен бірлесіп шешу жолын қарастыратынын жеткізді.
Махаббат Нұржанқызы