Бұрын хабарлағандай, Маңғыстау облысының түлектері қатыса алатын мақсатты гранттарға өтініштер мен құжаттарды қабылдау басталды. Бұл ҰБТ-да көп ұпай жинай алмағандарға мүмкіндік береді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мыңға жуық түлек жоғары оқу орындары өткізген кеңес пен кездесулерге қатысып, олардың 200-300-ге жуығы ЖОО қабылдау комиссиялары арқылы мақсатты гранттарға құжаттарын тапсырып үлгерді. Қалғандары Yessenov University арқылы құжат тапсыруды жөн көреді.
«Бұл қазіргі уақытта кейбір жоғары оқу орындары өкілдерінің мұнда жоқтығына байланысты. Егер түлек белгілі бір университетке грантқа түскісі келсе, оны алдымен көрсетіп, университеттің қабылдау комиссиясы арқылы жасауы керек. Ал Ақтауда бұл оқу орнының өкілдері болмаса, түлектер Yessenov University арқылы құжат тапсырады. Қазіргі уақытта мақсатты гранттар техникалық және педагогикалық салаларды қамтиды. Қалған мамандықтар жалпы конкурсқа өтеді. Түлектердің басым бөлігі «ақпараттық қауіпсіздік» және «ақпараттық технологиялар» мамандықтарына құжат тапсыруда, - дейді Ақтау оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Сәндігүл Махина.
ҰБТ қорытындысы бойынша Ақтауда ең жоғары алған балл – 129, ал орташа балл – 67,8. Мүмкіктерін арттыру үшін түлектер мақсатты гранттарға өтініш беруде.
«Мемлекеттік грантпен емес, мақсатты грантпен оқуға түсуге мүмкіндік көп. Өйткені, жалпы конкурс бойынша мемлекеттік грант Қазақстанның түкпір-түкпірінен тапсырылады, ал мақсаттыға тек маңғыстаулық түлектер ғана қатысады. Құжаттарды қабылдау 20 шілдеге дейін жалғасады. Өткен жылы 593 маңғыстаулық түлек мақсатты грантқа ие болса, биыл одан да көп деп күтілуде», – дейді Сәндігүл Махина.
Әдіскердің айтуынша, Ақтаулық түлектер оқуға түсу үшін Алматы мен Астанадағы жоғары оқу орындарын таңдайды. Дегенмен, ҰБТ-да ұпай саны шекті деңгейден сәл жоғары болса да, мақсатты гранттар бойынша басқа қалаларға түсу әлдеқайда оңай.