Маңғыстауда тұрғындардан гуманитарлық көмек жинау тоқтатылды. Ендігі ретте көмек ресми түрде эвакуациялау жарияланған елдімекендерде (Құлсары секілді) тұрғындарға арналған эвакуациялық пункттерде ғана көрсетілетін болады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қоғамдық коммуникация орталығының хабарлауынша, Маңғыстау облыстық мәслихаты жанынан құрылған қоғамдық штабтың шешімімен өңірде су тасқыны салдарынан Атырау облысынан эвакуацияланған азаматтарға 24 эвакуациялық пунктте төсек-орын, ыстық тамақ беру түрінде мемлекеттік көмек көрсетілетін болады.
Маңғыстау облысы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Аманкүл Жайылханованың айтуынша, су тасқыны басталғаннан бастап осы уақытқа дейін өңірде 20 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жиналды. Бұған дейін азаматтарға гуманитарлық орталықтарда азық-түлік пен материалдық заттар берілген болатын.
-Осы жылдың 31 наурызынан бастап біз республика бойынша облыстық Достық үйлерінде штабтар құрып, гуманитарлық көмек қабылдадық. Біз бірінші кезекте көмекті Ақтөбе мен Құлсарыға жібердік. Ал, гуманитарлық көмекті қабылдау қоймаларында жиналған барлық заттарды эвакуацияланған тұрғындарға таратамыз. Осымен гуманитарлық көмек қабылдау тоқтатылады. Алдағы уақытта эвакуациялық пункттер базасында төсек-орын және ыстық тамақ беру түрінде көмек көрсетіледі, - деді Аманкүл Жайылханова.
Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты, ҚХА штабының төрағасы Ирина Беляева су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсеткен барлық тұрғындарға алғысын білдірді.
-Қиын кезеңде Маңғыстау облысының әрбір тұрғыны қолдау білдіріп, көмек көрсетті, - деді Ирина Беляева.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ел Президенті су тасқынынан зардап шеккен әрбір отбасы Үкіметтің назарынан тыс қалмайтынын айтқан болатын.