Маңғыстау облысында 8-14 жас аралығындағы дені сау балалар және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың қатысуымен алғаш рет «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті фестивалі өтті.
«AMANAT» партиясы мен Қазақстан халқы ассамблеясы Кәсіпкерлер Қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен шараға ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының «Инклюзивті қоғамды дамытуды қолдау» басымдық бағытының тең төрайымы Наталья Дементьева қатысып, алғашқы құттықтау сөз сөйлеп қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бұл шараның негізгі мақсаты - инклюзиялық спорттық-мәдени іс-шараларды өткізу арқылы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен олардың дені сау құрдастары арасындағы достық байланыстарын нығайту, олардың әлеуметтік белсенділігін арттыру.
«Бұл ерекше әрі маңызды фестивальдің біздің өңірден бастау алғаны қуантады. Фестивальға Маңғыстау облысынан 31 команда 90-ға жуық бала қатысып жатыр, жеңімпаз-команда фестивальдің республикалық кезеңіне жолдама алады»,- Нұрбек Қарасаев.
Фестивальдің қорытындысы әр аймақтан (облыс, республикалық маңызы бар қала, елорда) 1- орынға ие болған жеңімпаз-команда фестивальдің республикалық кезеңіне қатысады.
Қатысушылар алаңда өздерінің спорттық жетістіктерін көрсетіп жарыстың қорытындысы бойынша «Бочча» бағдарламасы бойынша кіші санатта 1-орынды «Мега трио» командасы, аға санатта «Мерген» командасы иеленді. Ал, «Көңілді старт» бағдарламасы бойынша кіші санатта № 30 ЖББ орта мектептің «Viktori» командасы, аға санатта №16 ЖББ орта мектептің «Бірлік» командасы 1-орын иеленді. Сондай-ақ, үшінші бағдарлама «Жеңіл атлетика» бойынша кіші санатта №17 ЖББ орта мектептің «Феникс» командасы және аға санатта №10 ЖББ орта мектептің «Звери» командасы жеңімпаздар қатарынан көрінді.
Маңғыстау облыстық бочча федерациясының басшысы Альмухамбетова Қарлығаш шараның жоғары деңгейде өтуіне сіңірген еңбегін ерекше атап өту керек.
«Бұл спорттық сайыс балалар үшін жасалған ең үлкен мүмкіндіктердің бір парасы. Жобаның тәрбиелік мағынасы - ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың дені сау құрдастарының арасында ешқандай эмоционалдық кедергісіз қоғамға еркін бейімделуіне бағытталады. Бұл шараның дәстүрлі түрде облысымызда өтуіне әрқашан қолдау көрсетуге дайынбыз», - деді Джамбулат Тангиев.