Қадірлі отандастар және маңғыстаулықтар!
Сіздерді мұсылман баласы асыға күтетін, он екі айдың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа бірлік пен береке, бақыт пен шаттық тілеймін! Рамазан айы құтты болсын!
Рамазан айы – күллі мұсылман әлемі үшін қасиетті де берекелі ай. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл ай кіргенде адамдарды былай деп сүйіншілейтін болған: «Сендерге Рамазан айы келді, бұл – берекеге толы ай! Алла осы айда оразасын парыз етті. Бұл айда жәннат есіктері айқара ашылып, тозақ есіктері жабылады».
Ата-бабаларымыз да бұл ай кірісімен бірін-бірі құттықтап, балалар үй-үйді сүйіншілеп: «Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан, оразаң қабыл болсын ұстаған жан!» – деп жарапазан айтатын.
Бұл айда адамзат баласын тура жолға, білім пен бейбітшілікке үндеген қасиетті Құранның алғашқы аяттары түскен. Бұл қасиетті айды күллі мұсылман жұртшылығы сағынып, ерекше қадірлеп, асыға күтіп алады. Алла тағаланың әміріне бас иіп, ораза ұстап, мұқтаждарға жәрдемдесіп, тағат-құлшылықтар жасап, жан дүниесі рухани демалады.
Қасиетті Рамазан айын лайықты түрде өткізуіміз үшін Рамазан айының мынадай рухани қадір-қасиеті мен оның мән-маңызын білуіміз қажет.
Рамазанда ауыз бекіткен исі мұсылман баласы өзін ішіп-жеуден ғана шектемей, жаны мен тәнін жамандықтан сақтап, ізгілікке ұмтылады. Іс-әрекетін мұсылманға тән әдеп аясында орындауға тырысады. Өйткені Рамазан – кез келген ізгі амалды риясыз ниетпен жасауға тәрбиелейтін, адамды тақуалыққа үйрететін ай.
Он екі айдың сұлтаны болған Рамазан айы-Раббымыздың мейірім-махаббатына бөленетін ай. Берекелі, сауабы мол айда Алланың мейіріміне бөленіп, әрбір ізгі амалымыздың жақсылығы еселеніп жазылғай! Еліміз аман, жеріміз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болғай! Жаратушы Жаббар Иеміз келер жылғы ораза айына аман-есен жетуімізді нәсіп еткей! Әмин!
Әнуар ЕЛЖАНОВ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облысы бойынша бас имамы