Алла Тағаланың мұсылман құлдарына қасиетті етіп берген бірнеше күндері мен айлары бар. Қасиетті айлардың бірі әрі бірегейі ол – Рамазан айы. Рамазан айының ерекшелігі сол – мүміндер бұл кезде бір ай бойы ораза ұстайды. Рамазан – мейірімділіктің, қайырымдылықтың, сабырлықтың, кешірімділіктің, тақуалықтың және нәпсіні тәрибиелеу, өз-өзіңе есеп беру айы. Мінеки, көптен асыға күткен айымыз да келіп қалды. Күн өткен сайын жүрегіміздегі қуанышымыз артып, жәннаттың иісі аңқыған оразаның да сарыны әсте-әсте байқалып келеді. Осымен қатар, Рамазан Құран айы, тақуалық пен тәрбие айы ретінде байыпталады. Рамазан – айлардың сұлтаны, күнәлардың кешірілетін, мың айданда қайырлы Қадір түні бар шоқтығы биік ай. Құран Кәрімде Алла Тағала мүміндерге ораза тұту жайында былай дейді: «Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине, сақтанарсыңдар».
Негізі ораза ұстаудың рухани һәм денсаулыққа пайдалары өте көп. Рухани пайдаларының бірі адам баласын сабырлыққа, төзімділікке тәрбиелейді. Өйткені пенде күнін Алла Тағалаға иман еткен күйде аштықпен, шөліркеумен өткізеді. Пенде адамның ашуын тудыратын қандай да бір келеңсіз жәйттарға тап болса, «Мен оразамын» деп сабырға келеді. Жалпы мұсылман қоғамында осы Рамазан айында қылмыс азаятыны белгілі. Өйткені, Алланың мұсылман пенделері өзін және өзгелерді жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыяды. Нәпсісін тізгіндейді, мейірімді, кешірімді болады. Құран Кәрімде Алла Тағала: «Олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла Тағала жақсылық етушілерді сүйеді», – деген.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шариғат және пәтуа бөлімі Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа елдердің Ғұламалар кеңесімен, пәтуа саласына жауапты ғалымдарымен ақылдаса келе, биылғы Рамазан айының басталатын күні бекітілді. Ортақ пәтуаға сәйкес, қасиетті Рамазан айы 11 наурызда басталады. Ал сәуір айының 5-нен 6-на қараған түн – қасиетті Қадір түні. 10 сәуір – Ораза айт мерекесі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төралқа мәжілісінде пітір садақасы еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 640 теңге болып бекітілді.Қазіргі таңда бидайдың өзі емес, ұн, талқан секілді оның өнімдері кең қолданылады. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақаның құнын ұнмен есептеуді негізге алады. Өйткені, шариғатта бидаймен қатар оның өнімдерімен де пітір садақа беруге рұқсат етіледі.
Дегенмен ауқатты адамдар пітір садақаны 2 келі мейізбен (5745 теңге) немесе 4 келі құрмамен (8536 теңге) бергені жақсырақ. Ал підия мөлшері–бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Оның биылғы мөлшері 3400 (үш мың төрт жүз) теңге болып бекітілді. Бұған шамасы келмегендер оразаның әр күніне пітір садақасының құнын береді.
Пітір садақаны берудің уәжіп уақыты айттың бірінші күні. Оны Рамазан айының бірінші күнінен бастап беруге болады. Уақытында бере алмаған жағдайда айт намазынан кейін берсе де болады. Алайда пітірді айт намазына дейін беру–мұстахаб.
Оразаның негізгі мақсаты пенденің жүрегін тазарту, тақуалығын арттыру, иманын кәмілдендіру. Таңнан кешке дейін аш жүрген адам, пақырлардың жағдайын да түсінеді, олардың да қамын ойлай бастайды. Міне, осындай тұрғыдан қарағанда ораза ұстау, адамның бойындағы тәкәпарлық, тойымсыздық, шүкіршілік қылмау, бар нәрсеге қанағат етпеу деген сияқты ұсқынсыз қасиеттерден айырады. Ендеше, ораза ұстау пендеге өз нәпсісін тәрбиелеудің таптырмас бірден-бір жолы. Хасан әл-Басри: «Мүмін адам өз нәпсісінің қожайыны. Алла тағаланың разылығы үшін өз-өзінен есеп алып отырады. Осы дүниеде өз-өзіне есеп бергендердің қиямет күнгі есептері жеңіл болады екен де, керісінше, әрбір істі еш есепсіз істейтіндердің қиямет күніндегі есебі өте ауыр болады екен», - деген. Өзіне есеп беру, өзімен айналысу, өзін сөгу–ізгі пенделердің дағдысы, тақуалыққа жетіп, имандарын жаңартудағы жолы. Сол себепті де Пайғамбарымыздан (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) жеткен құдси хадисте: «Алла Тағала айтады: « Адам баласының барлық амалы өзі үшін. Тек ораза Мен үшін. Мен оразаның есесін беремін. Себебі, ораза кезінде пенде Мен үшін шахуаты мен асынан тыйылады», - делінген.
Құрметті халайық! Әрине, оразаны хадисте келгендей, иман келтіріп, бір Алланың ғана разылығы үшін ұстауымыз қажет. Дегенмен де, Раббымыз бір құлшылықтың өзінде бізге қаншама пайдалы сый берген екен. Сол үшін де ораза нығметін дұрыс пайдаланайық.
Алла тағала Рамазан айын бізге өзі разы болатындай пайдалы өткізуді жазсын.
Әнуар қажы ІЗІМБАЙҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облысы бойынша бас имамы