Маңғыстау облысы бойынша 2023 жылы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті онлайн дүкеннен алданған азаматтарға 1 394 900 теңге қайтарған. Осы мәселе бойынша департаментке 38 өтініш түсіп, оның 29-ы қанағаттандырылған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Бұл туралы өңірлік тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Рауан Мұхаев мәлімдеді. Оның айтуынша, жыл басынан бері департаментке азаматтардан 350 өтініш келіп түскен. Оның 120-ы жазбаша болса, 15-і телеграм бот арқылы, тағы 87-і жеке қабылдауда, сондай-ақ, 128-і жедел желі бойынша кеңес алған.
«Департамент мамандары тұтынушылардың өтініштерін қарап, кеңес беріп, көмек көрсетіп келеді. Тұрғындардың басым бөлігі тауар сапасына, айырбастау және кері қайтару, жиһаз жасау және жөндеу жұмыстарына, сондай-ақ тұрмыстық қызмет көрсету деңгейіне көңілі толмай, шағым түсіреді. Көп жағдайда кәсіпкерлер тұтынушылардың жазбаша шағымдарын жауапсыз қалдырады, бұл - басты мәселе», - деді Рауан Мұхаев.
Сондай-ақ, Рауан Мұхаев тұтынушы құқығын қорғау мақсатында олардың шағымдарын қабылдау, қарау мен жүйелендіруге арналған бірыңғай ақпараттық жүйе онлайн платформа бар екенін атап өтті. Енді азаматтар «Е-тұтынушы» платформасы арқылы онлайн түрде сауда ұйымының өкілдеріне тікелей наразылық жолдай алады.
«Бүгінгі таңда тұтынушылар құқығын қорғау саласы еліміздегі өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Оның басты себебі-азаматтардың өз құқықтарын жете білмеуі, қос тарап арасында туындаған шиеленістер мен дауларды шешу кезінде іс-әрекет алгоритмін ескермеуі. Осыған орай өңірімізде 2021 жылы тұтынушылар құқығын қорғау мәселесін оңтайлы шешуге бағытталған бірыңғай ақпараттық жүйе іске қосылған еді», - деді Рауан Мұхаев.