Маңғыстау ауданы полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесі мен ЖПҚБ учаскелік полиция инспекторлары және патрульдік полиция ротасы қызметкерлері мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топты құрықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Жедел-іздестіру шаралары барысында “Газель” маркалы автокөлігі тоқтатылған. Тексеру барысында көлік құралының жүк салғышынан ұрланған 3 бас қой анықталып, төрт адамнан құралған қылмыстық топ құрықталды. Ұрланған мал жеке шаруа қожалығына тиесілі болып шықты.
Әрі қарай, ұсталған күдіктілерді тергеп-тексеру нәтижесінде олардың тағы 44 қой ұрлығына қатысы бар екендігі белгілі болды. Жәбірленушіге келтірілген материалдық шығынның жалпы көлемі 3 млн 290 мың теңгені құрайды.
Аталған дерек ҚР ҚК 188-бабы 3-бөлігі (ұрлық) бойынша Маңғыстау ауданы Пб сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жария етілмейді.