Түпқараған ауданының Сайын Шапағатов ауылында алғаш рет «Ұршық Fest» фестивалі өтті. Ізгі өнегеге толы шара Аналар күніне орай ұйымдастырылған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz тілшісі.
Фестивальге Түпқараған ауданының 6 ауылынан 100-ге тарта қыз-келіншек қатысты. Ақжаулықты әжелер өнегелі әңгімесін айтып, төл өнерді өлтірмеу жолында жасалатын жұмыстың мәртебелі екенін жеткізді.
- Мұның мақсаты – ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, киелі ұршық деген дүниенің киесін, оның қасиетін, ұршық арқылы өндірілетін дүниелердің не екенін біздің жастарымыздың рухына сіңіріп, насихаттау. Қазір жасырын емес, біздің ұлттық салт-дәстүрімізді құрметтеу, қадірлек, дәріптеу өмірден кеш қалып кетіп бара жатыр. мінекей бүгін Түпқараған ауданы бойынша осы салт-дәстүрді аналар мерекесіне орай жаңғыртып, жастарымызға үндеу есебінде осы ұршық иіру фестивалін өткізіп жатырмыз, - дейді Түпқараған аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Қаламқас Тілеубаева.
Фестивальге қатысушылардың бірі – Ақшұқыр аулының тұрғыны Ақмаржан Есболова. Ол ұмыт қалып бара жатқан бұл өнерге қызығушылық танытқандарға шеберлік сағатын өткізіп жүр. Ақмаржан енесінен мұра болып қалған ұршықпен жіп иіріп, түрлі бұйым жасап сатады. Ұлттық қолөнерді дәріптеп жүрген 44 жастағы келіншек мұндай шара үрдіс болып қалыптасса деген тілек білдірді.
- Кейінгі ұрпағымыз осы дәстүрді, өнерімізді жалғастырса деген ниетпен мен де өзімнің қызыма, оқушыларыма, айналамда сұраған жанның бәріне үйретемін. Қазір жастарда қызуғышылық бар. Менен көп адам шеберлік сағатын өткізуді сұрайды. Әсіресе технология пәнінің мұғалімдері көбірек сұрайды. Себебі Рухани жаңғыру басталғалы бері менен ұлттық құндылықтарды үйренемін деуші мұғалім көбейді. Бұл деген үлкен еңбекпен келеді ғой, үлкен технологиямен келеді, - дейді Ақмаржан Есболова.
Ұршық иіру фестивалінің ең жас қатысушысы Аружан Беген 13 жаста. 8-сыныпта оқитын Аружан бала кезден-ақ ұлттық құндылықтың қадірін жете түсінген. Әжесінен үйренген өнердің арқасында бүгінде түрлі фестивальдерге қатысып жүр. Ұршық иіруге адал ниет пен таудай талап керек дейді ол.
- Мен ұршыққа жеті жасымнан бастап қызықтым, жеті жасымнан бастап үйрендім. Бұл талант менің әжемнен дарыған. Менің әжем кішкентайымда бізге әртүрлі заттар тоқып беретін еді. Соның қасында отырып өзім үйрендім. Ұршық иірген кезде өзіндік ниет пен талант қажет. Ниетпен иірген кезде жіп тіп-тіке болып үзілмей шығады, - дейді фестивальдің ең жас қатысушысы Аружан Беген.
Шара барысында маңғыстаулық өнерпаздар ән айтып қатысушылардың көңілін көтерді. Фестиваль соңында Сайын Шапағатов ауылдық мәдениет үйінің басшысы Нұргүл Ағылман ұлттық өнерді дәріптеуге атсалысқан қолөнершілерге алғыс білдірді.
Махаббат Нұржанқызы