Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Қарақия ауданындағы Құрық ауылына барып, тұрғындармен кездесу өткізіп, азаматтарды жеке қабылдады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
36 мыңнан астам тұрғыны бар Қарақия ауданы қарқынды даму үстінде. Ауданда 16 орта мектеп, үш қосымша білім беру ұйымы, колледж және санаториялық типтегі мектеп-интернат бар.
Былтыр Құрық порты арқылы 1,8 миллион тонна жүк тасымалданды. Автомобиль көлігімен 618 мың тонна жүк көлігі жөнелтілді. Ал «Болашақ» станциясы арқылы барлығы 2,2 миллион тонна жүк, 2021 жылы 1,3 миллион тонна жүк тасымалданды.
Сонымен қатар 2022 жылы ауыл шаруашылығы саласы жақсы көрсеткіштермен аяқталды. Ауыл шаруашылығы жануарларының асыл тұқымды мал азығына кететін шығындарды азайту үшін 84 шаруашылықтың 14-іне 21,8 млн.теңге төленді. Биыл наурызда қалған 70 шаруа қожалығына қаржы беріледі.
Қарақия өңірінде кәсіпкерлік те қарқынды дамуда. Мемлекеттік бағдарламалар аясында жоба ұсынған 49 азамат жалпы сомасы 1 млрд теңге несие алды. Нәтижесінде 100-ден астам жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ аталған бағдарлама аясында жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 67 адам 89,6 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант алды.
2023 жылы Құрық, Жетібай, Сенек ауылдарында «Ауыл халқының табысын арттыру» пилоттық жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Егер жоба орындалса, ауыл тұрғындары тиімді шарттармен шағын несие алады. Осылайша, жұмыс істеп, табыс арттыруға, басқа да ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға мүмкіндік болады.
Қарақия ауданында республикалық «Бір ауыл – бір өнім» пилоттық жобасы іске асып жатыр. Жобаның басты мақсаты – ауылдағы жұмыссыздықты азайту.
Былтыр қарақиялық 65 тұрғын мемлекеттен қайтарымсыз грант алды. Ал Құрық ауылында 29 адам қаржылай көмек алып, жеке кәсіппен айналысуда. Соның бірі - Раушангүл Қуандықова. Ол жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттен 5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант алған. Қаржыға жүн өңдейтін тюль тоқыма станогын сатып алды. Қазір мұнда 23 маман жұмыс істейді, мал терісінен 40-тан астам өнім, яғни былғары сөмке, тақия, тәпішке, тоқыма бұйымдарын жасайды.
Кездесуде Құрық ауылының тұрғындары жұмыспен қамту, мал шаруашылығы, кәсіпкерлік, балық шаруашылығын дамыту бойынша бірқатар мәселе көтерді.
Аймақ басшысы Каспий теңізінің әлеуетін тиімді пайдаланып, Маңғыстау облысында балық шаруашылығын дамытуға арнайы бағдарлама әзірлеу қажеттігін айтты.
– Балық шаруашылығын дамыту – облыстағы әлеуетті бағыттардың бірі. Үкімет 2030 жылға дейін арнайы бағдарлама әзірледі. Балық өсірумен айналысатындарға бес түрлі субсидия қарастырылған. Былтыр біз балық шаруашылығы бөлімін құрдық. Осы орайда экспорттық әлеуетті арттыруға, балық шаруашылығына инвестиция тартуға баса назар аудару қажет. Балық шаруашылығының дамуы қосымша өнім көлемін арттырумен қатар жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, – деді Нұрлан Ноғаев.