Маңғыстау облысынан көктемгі әскерге шақыру науқаны барысында 18 бен 27 жас аралығындағы 650-ден астам жасты мерзімді әскери қызметке шақыру жоспарланып отыр.
Маңғыстау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің деректері бойынша әскерге шақырылушылар әскери қызмет өткеру үшін Қарулы Күштер қатарына, Ұлттық ұлан мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне бөлінетін болады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Шақыру науқаны әскерге барушыларды хабардар ету үшін SMS-хабарламалар, сондай-ақ шақыру қағаздары арқылы жүзеге асырылады.
– Қазіргі уақытта Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Мемлекеттік күзет қызметінің бөлімшелерін, содан кейін Қарулы Күштердің, Төтенше жағдайлар министрлігінің және Ұлттық ұланның әскери бөлімдерін бірінші болып жасақтаймыз. Алгоритмге сәйкес әскерге шақырылушыларды зерттеу және іріктеу барысында медициналық комиссия, психологиялық және полиграфиялық зерттеу, наркологиялық және ПТР сынақтарын, сондай-ақ, іш қуысының ультрадыбысын тапсыру жүргізіледі. Бүгін біз кезекті команданы ҚР ҰҚК Шекара қызметіне жібереміз, барлық әскерге шақырылушылар әскери қызмет өткеруге дайын. Жас Отан қорғаушыларға әскери-есептік мамандықтарды тез арада өтуін және игерілуін тілейміз – деп атап өтті департамент бастығының орынбасары-Маңғыстау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті жасақтау басқармасының бастығы, майор Еркін Алпанов.
Айта кету керек, көктемгі шақыру науқаны ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады. Ал оны Маңғыстау облысы бойыша аймақ басшысының бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев басқарады.