Маңғыстауда асфальт-бетон қоспасынан құрылыс материалдарын әзірлеумен 7 кәсіпорын айналысады. Аталған зауыттардың күнделікті атқаратын қызметін және шығаратын өнімдерінің талапқа сәйкестігін ұлттық сапа орталығы бақылайды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Тексеру қорытындысы бойынша төрт зауыттың жұмысы техникалық талапқа сай келетіні анықталды. Ал бір зауыт тексеру парағында көрсетілген талаптарға мүлдем сәйкес келмейтіні және өндіріс орнының толық жөндеуді қажет ететіндігі анықталды. Қалған екі кәсіпорынға қызметін тиісті талаптарға сәйкестендіруі үшін уақыт берілді.
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының Маңғыстау облысы бойынша филиал қызметкерлері ҚР Көлік министрлігі автомобиль жолдары Комитетінің тапсырмасына сәйкес «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» қызметкерлерімен бірлесе өңірде орналасқан асфальт-бетон зауыттарын тексеру мақсатында арнайы комиссия құрып, тексеріс шараларын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Қазіргі таңда бұл кәсіпорындардың жұмысын үнемі бақылап отырмыз» - дейді ҚР КМ «ЖАҰСО» республикалық-мемлекеттік мекемесінің зертхана меңгерушісі Гаухар Чухрукидзе.