Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының мәліметінше, алдағы уақытта облыста өтетін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауында бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша 459 кандидат тіркелген. Бүгінгі таңда облыс бойынша сайлаушылар саны 418 002 адамды құрайды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның ішінде No22 бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына 11 кандидат, 16 округ бойынша облыстық мәслихат депутаттығына 69 кандидат, 35 округ бойынша қалалық мәслихатқа 139 кандидат, 70 округ бойынша аудандық мәслихатқа 237 кандидат. Мәслихат депутаттығына кандидаттардың ең көп саны Ақтау қаласында – 79 адам, Мұнайлы ауданында – 68 адам тіркелді.
– Бір мандатқа орта есеппен 4 адам тіркелді. Ең үлкен бәсеке Маңғыстау облыстық No4 және Жаңаөзен қаласының No5 сайлау округтерінде, бір мандатқа 7 адам үміткер болып отыр. Облыстық және қалалық мәслихатқа тіркелген кандидаттардың ішінде 384 ер адам, 64 әйел адам бар. Ең жас үміткер 21 жаста болса, ең үлкенінің жасы 68-де. Маңғыстау облысы мәслихатында партиялық тізім бойынша 6 партиядан 16 мандатқа 62 кандидат тіркелді. Қазіргі таңда «Қазақстан Республикасының сайлау туралы» Конституциялық заңының 104-бабының 6-1 тармағының 4-тармақшасы негізінде облыстық мәслихаттың депутаттығына үміткер 1 кандидаттың және 1 аудандық кандидат тіркеуден алынды. Қазір кандидаттардың 700-ден астам сенімді өкілі тіркелді. Оларды тіркеу жұмыстары жалғасуда, – деді Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Елубай Әбілов.
Сонымен қатар, барлық сайлау учаскелерінде ерекше қажеттіліктері бар сайлаушылар үшін арнайы кабиналар дайындалып, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Облыс бойынша есту, көру қабілеті нашар және мүгедектер арбасындағы сайлаушылар саны – 2428.