Маңғыстау облысы республикадағы туристер арасындағы танымал демалыс орындарының арасында екінші орынды иеленіп отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Облыстық туризм басқармасының басшысы Маулен Ғабдулқалиевтің айтуынша, өңірге 2023 жылдың 9 айында 325 мыңнан астам турист келген. Оның ішінде 290 мыңы ел азаматтары, ал 35 мыңнан астамын шетелдіктер құраған. Сондай-ақ, Маңғыстауда 2027 жылға дейін жалпы құны 100 млрд теңгені құрайтын бірқатар туристік кешендер салу қолға алынды.
«Өңірге шетелдік туристер ағынын тарту мақсатында көршілес мемлекеттермен тығыз байланыс орнату көзделді. 2023 жылы Өзбекстан республикасымен келіссөз жүргізу нәтижесінде жаңа туристік маршруттар пайда болды. Сонымен қатар, Иран Ислам Республикасына қосымша әуе рейсі ашылған болатын. Алдағы уақытта халықаралық әуе бағыттарын көбейту бойынша келіссөздер жүргізілуде», - деді Маулен Ғабдулқалиев.
Облыстың туризм саласының дамуына демалыс орындардың көптеп салынуы серпін беріп жатыр. Әдетте демалыс орындары жеке кәсіпкерлердің, яғни жеке инвестиция есебінен салынады.
«O’mir» глэмпинг эко-қонақ үйі 2023 жылдың желтоқсан айынан бастап туристер мен өңіріміздің тұрғындарын қабылдап бастаған. Жоба құны 250 млн теңгені құрады. Бүгінде 10 глэмпинг форматындағы жатын орындар бар.
«Біз қонақтарымызды Қымызхана киіз үйінде қымыз, шұбатпен қарсы аламыз. Балаларға арналған киіз үй де бар. Сонымен қатар, мейрамхана қазақи нақышта, этно-стильде жасақталған. Барлық бөлменің терезесінен теңіздің әдемі көрінісін көруге болады. Әрбір бөлме қонаққа қажет болуы мүмкін жабдықтармен жарақтандырылған. Әлі де туристік орынды кеңейту жоспарда бар. Алда үлкен сахна құрылып, жаз мезгілінде туристерді қызықтырар іс-шаралар мен ойындар өтетін болады», - деді «O’mir» глэмпинг эко-қонақ үйінің менеджері Қарлығаш Керімқұлова.