Yessenov University «Күміс университеті» жобасы аясында егде жастағы азаматтарға арналған гид-экскурсия жетекшілерін дайындау бойынша біріктірілген туристік курс өткізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
2021 жылдан бастап «Күміс университеті» жобасы іске асырылып, егде жастағы жоғары буынға түрлі бағыттар бойынша білім мен дағдыларды алуға мүмкіндік беріліп келеді. Жаңа білім алу, өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндіктерін ашу үшін курсқа талғампаз жастағы 70-тен астам тыңдаушы қатысты.
Курстың негізгі мақсаты – Маңғыстауда туристер санының өсуіне орай сауатты экскурсия жетекшілеріне сұраныс артуына байланысты туристік бағытты дамыту. «Күміс университетінің» бірінші курсы модульдік жүйе бойынша оқытылады және экскурсиялық шеберлік, Маңғыстаудың тарихи-мәдени көрікті жерлерін түсіну, компьютерлік сауаттылық және ағылшын тілі негіздерін қамтиды.
Өз ісінің білікті шеберлері, профессорлар, ғылым кандидаттары өңірдің қасиетті орындары, табиғаты, бірегей тұрмыс пен ғасырлық дәстүрлері туралы білім берді. Тренерлер экскурсия дайындау, өткізу әдістемелері, экскурсиялық маршрут пен экскурсия жетекшісінің портфолиосын жасау, Маңғыстаудың киелі орындары мен этнографиясы туралы материалдармен таныстырды.
Курс барысында тыңдаушылар үлестірме материалдармен жұмыс істеді, деректі фильмдер мен презентацияларды талқылады және орындалған тапсырмаларын көрсетті.
Үш айлық курстың соңында "Күміс университетінің" түлектеріне сертификаттар табысталды. Енді олар Маңғыстау облысының туризм басқармасымен меморандум аясында өңірге демалысқа келетін туристер үшін экскурсия жетекшісі ретінде жұмысқа орналаса алады.
«Мен қазір 85 жастамын. Күміс университетте оқудың арқасында гид-экскурсия жетекшісі болу үшін партаға қайта отырдым. Маңғыстау - менің туып өскен мекенім, бұл жердің әр тасы маған таныс. Күміс университет – зейнеткерлер үшін өз көкжиегін кеңейтуге, өз білімдерін көрсетуге, экскурсияға баруға және өлкеміздің шексіз сұлулығын көруге тамаша мүмкіндік береді», - деді Ақтау қаласының тұрғыны Людмила Кулешова.