7 ақпан күні Грекияның Афина қаласында Қазақстан Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев пен Пирей қаласының мэрі Яннис Моралиспен кездесті. Келіссөз барысында тараптар Ақтау мен Пирей қалалары арасында ынтымақтастық орнату туралы келісімге қол жеткізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөзіне сілтеме жасап.
Яннис Моралис Жерорта, Қара және Адриатика теңіздерімен фидерлік байланысы бар, сондай-ақ Балқан және Орталық Еуропа елдерімен теміржол және автомобиль қатынасы бар Грекияның ең ірі порты – Пирейді дамыту жоспарымен таныстырды.
Елші Ерлан Баударбек-Қожатаев Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту үшін Қазақстан мен Грекияның логистикалық мүмкіндіктерін біріктіру әлеуетін атап өтті.
Яннис Моралис экономика, туризм және мәдени-гуманитарлық салаларда Ақтау қаласымен ұзақ мерзімді серіктестікті нығайтуға мүдделі екенін білдірді.
Осы тұрғыда Елші Ерлан Баударбек-Қожатаев Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың келісімімен Пирей қаласы делегациясын жақын уақытта Ақтауға сапар жасауға шақырды.
Отырысқа қатысқан Қазақстан-Грекия іскерлік кеңесінің директорлар кеңесі төрағасы Константинос Петридис инфрақұрылымды дамыту және құрылыс саласындағы экономикалық байланыстарды дамыту бойынша өз пікірін ұсынды.
Айта кетейік, Роттердам, Гамбург және Антверпеннен кейінгі Еуропаның 4-ші ірі порты – Пирей Жерорта теңізіндегі халықаралық тасымалдаудың жетекші орталығы. 2022 жылы Пирей портында шамамен 4,35 млн TEU теңіз контейнерлері өңделді. Пирей портының қоймаларының ауданы 180 000 м2, ал өткізу қабілеті жылына 25 млн тоннаны құрайды. Пирей сонымен қатар Грекияның ең ірі жолаушылар тасымалдайтын порты. Оның жолаушылар ағыны жылына 18 млн адамды құрайды.