Бүгін Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасындағы №41 жабық сайлау учаскесі жұмысын мемлекеттік Әнұранмен бастады.
Мұнда облыстық және қалалық перинаталдық орталық, "Нейрон", "Сенім", "Арчимед", "Ясин", облыстық аурухананың емделушілері мен облыстық балалар ауруханасында жатқан аналар өз таңдауын жасауда.
Сайлау учаскесі төрағасының айтуынша, облыстық аурухананың өзінде 380-ге жуық емделушінің сайлауға қатысуға құқығы бар. Ал жалпы сайлау учаскесінен 1 184 адам таңдау жасайды.
«Ол үшін барлық жағдай жасалған. Науқастардың тізімдері алдын ала жасалды. Қарт адамдарға, қозғалуы қиын науқастарға арналған арнайы орын бар. Барлық талаптар сақталуда», - деді аурухана әкімшілігі.
Сондай-ақ, Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының емделушілері үшін арнайы мамандар жылжымалы сайлау жәшігін алып, бөлімшеде жатқан науқастардан дауыс жинауда. Өз кезегінде емделушілер де сайлауда белсенділік танытып, таңдау жасауда. Сондай емделушінің бірі - Ұлсын Ақбергенова.
"Бүгін кезектен тыс Президент сайлауында өз таңдауымды жасадым. Ауруханада емделіп жатсам да ел болашағы үшін маңызды саяси науқаннан құр қалмағаныма қуанып отырмын. Ел таңдаған басшы халықтың жағдайын ойлап, елімізді көркейтеді деген сенімдемін", - дейді емделуші Ұлсын Ақбергенова.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА